Тәрбиенің үш мектебі адамның мінез-құлқын қалыптастырып, адамгершілік болмысын жетілдіріп, оны бақытты етіп, қоғамға мейірбан нұрын шашады. Отбасы – адам баласының өскен өнер ұясы.
Адам өміріндегі ең қуанышты, қызық дәурені осы отбасында өтеді. Бала өмірінің алғашқы күнінен бастап ата - ана өздерінің негізгі борыштары тәрбие жұмысын атқаруға кіріседі.
Бүгінгі таңдағы қоғам ата – аналарға үлкен жауапкершілікті жүктеп отыр. Қазақстан Республикасының тәлім - тәрбие тұжырымдамасында бүгінгі тәрбие берудің негізгі міндеттерінің өзі «Ең алдымен дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, ар - ожданы мол, мәдениетті, парасатты, еңбекқор, бойында басқа да ізгі қасиеттері қалыптасқан адамды тәрбиелеу» деп көрсетілген.
«Саламатты Ел» қоғамдық қоры «Маңғыстау облысының ішкі саясат басқармасы» Мемлекеттік мекемесі және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» акционерлік қоғамы гранттық қолдауының аясында «Отбасылық құндылықтарды насихаттау» жобасын іске асыруда. Осы орайда 20.09.2023ж күні «№4 ЖББМ»КММ- сінде «Отбасы-тәрбие бастауы» атты облыстық семинар өтті.
Шараның басты мақсаты - ана институтын нығайту және отбасылық тәрбиеде ананың рөлін арттыру, ата-ананың жағымды бейнесін дәріптеуге бағытталған дәстүрлі отбасы құндылығын насихаттау. Облыстық семинарға ауданымыздың ата-аналар комитетінің мүшелері, ауданымыздың аналар мектебі, «Ата-аналар қауымдастығының» мүшелері және қонақтары қатысты. Семинарда Қазақстан Халқы Ассамблеясы Республикалық аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанай Ыдырысқызы, Қазақстан Халқы Ассамблеясы Республикалық аналар кеңесі төрайымының орынбасары Баян Ахатай Орынбасарқызы және практик-психолог Назарова Дариға Мадемхановналардың баяндамалары тыңдалып, ұрпақ тәрбиесіндегі әке мен шешенің рөлі, олардың қарым-қатынасы жайында пікірлер айтылды.
Келген қонақтар мектептің тыныс-тіршілігімен танысып, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптейтін тәрбиелік шаралардың куәсі болды.